Мақала Р.Б. Сулейменов атындағы Шығыстану Институтымен бірлесе атқарылып жатқан «Қытай Коммунистік партиясы азсанды ұлттар саясатының Шыңжаңда атқарылуы: тарихы, бүгіні және келешегі» атты 2022-2024 жылдарға арналған гранттық және бағдарламалық- мақсатты қаржыландыру жобасының зерттеу нәтижелері негізінде жарияланды. Мақала Шынжаң жерінің географиялық орнын, айналасындағы көршілес елдерін, мемлекет ішілік іргелес провенциялар мен табиғи-климаттық жағдайын қарастырады. Оның ішінде әсіресе, жер бедері, су ресурстарының орналасуы, минералдық және отындық ресурстары, олардың қоры, орналасуы, климаттық ерекшелігі баса баяндалады. Шынжаңның дәстүрлі және қазіргі заманғы шаруашылық жағдайы мен экономикалық және әлеуметтік даму мәселелері экономикалық- географиялық тұрғыда сипатталады. Мақалада Шынжаңдағы халық саны, ондағы әр түрлі ұлттардың үлесі, домографиясы және халықтың қоныстануы мен аумақтық-әкімшілік бөліністері де зерттеледі.
Мақалада Шынжаңның аумақтық-әкімшілік құзырына қарасты Іле Қазақ автономиялық облысы да жан-жақтылы қарастырылған. Өйткені, Іле Қазақ автономиялық облысы – гео- графиялық орны, аумағы, шекаралас елдері мен шекара ұзындықтары және табиғи ресурсттық әлеуеті бойынша аса маңызды әкімшілік бірлік болып табылады. Сондықтан да Іле Қазақ автономиялық облысының аумақтық-әкімшілік жағдайын, халқының географиялық қоныс- тануын және этникалық құрамын демографиялық тұрғыда зерттеу маңызды болып табылады. Жалпы шетелде қоныстанған 5 милион шамасындағы этникалық қазақтардың көпшілігі Қытай Халық Республикасының Іле Қазақ автономиялық облысында өмір сүреді. Іле Қазақ облысы Қазақстан мен Қытай арасындағы 1700 шақырым келетін шекараны тұтастай алып жатыр. Сондықтан Шынжаң ауданының Қытай үшін маңызды геосаяси және геоэкономикалық орынға ие екендігі осы мақалада көрсетіледі. Осындай дәйектер мен ақпараттардың нәтижесінде Қытай коммунистерінің Шынжаңда жүргізіп отырған аз ұлттар саясатының себебі, сипаты және ұстанымы ғылыми тұрғыда айқындала түседі.
Мақалада қарастырылған келесі бір маңызды бөлім - диаспора және ирреденттер мәселесі. Бұл мазмұн бойынша қазақ диаспорасы мен ирреденттеріне тарихи-географиялық тұрғыдан талдау жасалынып, қытай қазақтарының диаспора емес, ирреденттер екендігі тұжырымдалады. Осы арқылы екі мемлекет қарым-қатынасындағы этникалық қазақтардың рөлі көрсетіледі. Мақалада этникалық қазақтардың Қазақстан Республикасына бағытталған көші-қон жағдайы да талданады. Олардың Қазақстанға келуінің себептері және Қазақстандағы қоныстанған елді- мекендері атап көрсетіледі.
