Бұл ғылыми жұмыс бауыр құрылымындағы паренхималды емес жасушалардың
морфологиялық, морфометриялық және функционалдық ерекшеліктерін зерттеуге арналған.
Бауыр ағзасы метаболизм, детоксикация, иммунологиялық қорғаныс және регенерация
процестерінде жетекші рөл атқарады. Оның жасушалық құрамының шамамен 20–40%-ын
паренхималды емес жасушалар құрайды. Оларға синусоидты эндотелий жасушалары, Купфер
жасушалары, Ито (жұлдыз тәрізді) жасушалары, Pit жасушалары, дендритті жасушалар,
холангиоциттер және Пирогов–Лангханс алып жасушалары жатады.
Зерттеу жұмысының мақсаты – бауыр құрылымындағы паренхималды емес
жасушалардың морфометриялық көрсеткіштерін анықтау және олардың патологиялық
жағдайлардағы (қант диабеті және туберкулез) өзгерістерін салыстырмалы талдау.
Зерттеу нысаны ретінде 120–150 г салмақтағы 10 егеуқұйрық және 350–400 г салмақтағы 7
теңіз шошқасы алынды. Қант диабеті модельденген егеуқұйрықтарда Купфер жасушаларының
морфометриялық көрсеткіштері зерттелді. Ал Mycobacterium tuberculosis таяқшасымен
жұқтырылған теңіз шошқаларында бауырдың макро- және микроскопиялық өзгерістері, соның
ішінде гранулемалар мен Пирогов–Лангханс алып жасушаларының түзілуі талданды.
Гистологиялық зерттеулер гематоксилин-эозин және Ван-Гизон әдістерімен бояу арқылы
жүргізілді. Морфометриялық талдау Karl Zeiss микроскобы және Zen бағдарламасы көмегімен
орындалды.
Зерттеу нәтижесінде қант диабеті жағдайында Купфер жасушаларының көлемінің ұлғаюы
және санының артуы анықталды, бұл олардың компенсаторлық-адаптациялық белсенділігінің
күшеюін көрсетеді. Туберкулездік зақымдану кезінде бауырда гранулематозды қабыну,
казеозды некроз және Пирогов–Лангханс жасушаларының түзілуі байқалды.
Алынған мәліметтер бауырдың паренхималды емес жасушаларының патогенездегі рөлін
терең түсінуге мүмкіндік береді және клиникалық диагностика мен емдеу тәжірибесінде
қолдануға ғылыми негіз бола алады
БАУЫР ҚҰРЫЛЫМЫНДАҒЫ ПАРЕНХИМАЛДЫ ЕМЕС КЛЕТКАЛАР
Жарияланды June 2026
0
0
Аңдатпа
